National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Президент Әкімшілігі


Президент жанындағы кеңестер

Энергетикалық кеңес

Кеңес Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 14 наурыздағы Жарлығымен мұнай-газ саласының орнықтылығы және оны тиімді дамыту мәселелері бойынша ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асыру мақсатында құрылды.

 

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы

Энергетикалық кеңес туралы ереже

 

1. Жалпы ережелер

1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Энергетикалық кеңес (бұдан әрі - Кеңес) Қазақстан Республикасының мұнай-газ саласын орнықты және тиімді дамыту мақсатында құрылады.

2. Кеңес Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

3. Кеңес өзінің қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерін және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ Кеңес туралы осы Ережені басшылыққа алады.

 

Кеңестің міндеттері мен құқықтары

4. Кеңестің негізгі міндеттері:

1) Қазақстан Республикасының мұнай-газ саласын дамытудың стратегиялық бағыттары бойынша ұсыныстар тұжырымдау;

2) Қазақстан Республикасының аса ірі мұнай-газ кен орындарында жұмыс істейтін шетелдік әріптестермен өзара іс-қимыл бойынша ұсыныстарды тұжырымдау болып табылады.

5. Кеңестің белгіленген тәртіппен және өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша:

1) Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына Қазақстан Республикасының энергетика саласын дамытудың стратегиялық бағыттары бойынша ұсыныстарды енгізуге;

2) Кеңестің құзыретіне кіретін мәселелерді шешу үшін жұмыс топтарын қалыптастыруға;

3) Кеңестің құзыретіне жататын мәселелер бойынша мемлекеттік органдардан, ведомстволар мен ұйымдардан қажетті ақпаратты сұратуға;

4) осы Ереженің 4-тармағында белгіленген міндеттерді іске асыру мақсатында мүдделі мемлекеттік органдардың мамандарын, консультанттарды тартуға;

5) Кеңестің құзыреті шегінде оның тиімді қызметін жүзеге асыру үшін қажетті өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

 

Кеңесті қалыптастыру және оның қызметін ұйымдастыру

6. Кеңестің құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

7. Кеңесті Кеңес төрағасы басқарады.

Кеңес төрағасы:

1) Кеңес қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

2) Кеңес отырыстарында төрағалық етеді;

3) Кеңес отырыстары өткізілетін орынды және уақытты айқындайды;

4) Кеңес шешімдерінің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады;

5) жылына екі рет, есепті жартыжылдықтан кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Президентіне Кеңестің жұмысы туралы баяндайды.

Төраға болмаған кезде оның функцияларын төраға тиісті өкілеттіктерді беретін орынбасары орындайды.

 

8.Кеңес мүшелері:

1) Кеңес отырысының күн тәртібі және мәселелерді талқылау тәртібі бойынша ұсыныстар енгізуге;

2) Кеңес отырысына материалдарды, оның шешімдерінің жобаларын дайындауға қатысуға құқылы.

8-1. Кеңес хатшысы:

1) Кеңес отырыстары күн тәртібінің жобасын қалыптастырады;

2) Кеңес отырыстарына материалдарды, сондай-ақ Кеңес отырыстары хаттамаларының жобаларын дайындауды ұйымдастырады;

3) Кеңес төрағасының тапсырмасы бойынша өзге де функцияларды жүзеге асырады.

Кеңес отырыстары қажеттілігіне қарай, Кеңес төрағасы айқындайтын мерзімдерде, бірақ кемінде жарты жылда бір рет өткізіледі. Кеңес отырыстары оның мүшелерінің тікелей қатысуымен өткізіледі және оның мүшелерінің кемінде үштен екісі дауыс беруге қатысқан кезде заңды болады. Кеңес мүшелерінің өз өкілеттіктерін өзге лауазымды адамдарға беруіне жол берілмейді.

10. Кеңестің жұмыс органы Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі болып табылады.

11. Кеңестің жұмыс органы:

1) Кеңес отырыстарын өткізуді ұйымдастыруды қамтамасыз етеді және Кеңес отырыстарын өткізу үшін тиісті материалдарды дайындауды жүзеге асырады;

2) Кеңес мүшелеріне Кеңестің кезекті отырысының өткізілетін орны, уақыты мен күн тәртібі туралы хабарлайды және оларды қажетті материалдармен уақтылы қамтамасыз етеді;

3) Кеңес отырысының хаттамасын келісуді жүзеге асырады;

4) Кеңестің шешімдері қабылданған күннен бастап екі апта ішінде Кеңес мүшелеріне және басқа мүдделі мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарға хаттаманың көшірмесін және өзге де қажетті материалдарды жібереді;

5) Кеңес ұсынымдарының іске асырылуын және қолданылуын мониторингтеу мен талдауды жүзеге асырады.

12. Кеңес отырыстарының қорытындылары бойынша хаттамамен ресімделетін шешімдер қабылданады, оған Кеңестің отырысқа қатысқан барлық мүшелері қол қояды.

13. Кеңестің шешімдері қарапайым көпшілік дауыспен қабылданады және ұсынымдық сипатқа ие. Дауыстар тең болған жағдайда төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады.

Кеңес мүшелерінің ерекше пікірге құқығы бар, ол айтылған жағдайда жазбаша түрде баяндалуы және хаттамаға қоса берілуі тиіс.

14.Кеңестің шешімдері бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы немесе энергетика саласы субъектілерінің назарына Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес кез келген өзге тәсілмен жеткізілуі мүмкін. Жариялануға не энергетика саласының субъектілеріне беруге арналған ақпараттың тізбесі мен көлемін Кеңес айқындайды.

15.Кеңестің қызметін тоқтатуға Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі негіз болып табылады.

 

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы

Энергетикалық кеңестің құрамы

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, төраға

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, төрағаның орынбасары

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, төрағаның орынбасары

Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі, Кеңес хатшысы

Кеңес мүшелері:

Қазақстан Республикасының Әділет министрі

Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі

Қазақстан Республикасының Қаржы министрі

Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі

Қазақстан Республикасының Энергетика министрі

Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

«QazaqGaz» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

«Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

Электр желілерін басқару жөніндегі қазақстандық компания «КЕGОС» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару